Куәгерлері куәліктер (2)

Б.Иманғожаев: – Ана тілімізде “бір қайнауы ішінде” дейтін тіркес бар. Біздің түбімізге жеткен де, міне, сол бір қайнау. Жетпей қалған бір қайнау. Яғни, шикілік. Дәлірек айтсақ, санадағы шикілік. Аталарымыздың аузынан мына қала іргесінде тұрған Ұзынағаш ауылының өзінде-ақ үстемдік империясының атын жамылған шовинистік көзқарастардағы кейбір адамдар қазақтың мықты кісілерін сотсыз-ақ атып тастағаны, зорлық-зомбылық көрсеткені жайлы естіген әңгімелерім бар. Оны ойға алсам, ыза боламын. Сондықтан да біз де Құрманғазының ойын бірден түсініп, қолдай кеттік. Іле-шала төрт жігіт көрші институттардың жатақханаларына, Киров атындағы зауыттың №2 жұмысшылар жатақханасына барып, үгіт шараларын жүргіздік. Қарсы болған ешкім жоқ. Бәрі де қолдады.
Қ.Айтмұрзаев: – 17 желтоқсан күні, яғни, ертең сағат тоғызда жаппай наразылық білдіру үшін алаңға шығу керектігін айта отырып, барлық жерде де қолдау тауып, келісіп қайттық. Шынын айтсақ, бойымызда ешқандай қорқыныш, үрку болған жоқ. Қайта батылданып кеттік. Түн ортасы ауа жатақханаға қайтып келдік. Бейбіт демонстрацияға шығудың әрекет түрі – бейбіт болу керек деген іс-жоспарымызды жасап алдық. Үсіпхан мен Бақтыбек және басқалар В.И.Лениннің ұлт саясаты жөніндегі дәйек сөзін табу үшін оқулықтарды парақтап, шұғыл іздей бастады. Ендігі мақсат – лениндік ұлт-саясатын қолдаған ұрандар мен плакаттар жазуды қолға алу. Айналамызда секем аларлықтай ешқандай әрекеттер болған жоқ.
Ү.Сейтімбетов: – 16 желтоқсанда небәрі 17 минөтке ғана созылып, іргелі республиканың басшылығына қатысты мәселені көзді ашып-жұмғанша шешіп, қазақ жерінің топырағына табаны тиіп көрмеген, ауасын жұтып, суын ішпеген, маңдай тері төгіліп еңбек етпеген, халқының қандай екенінен мүлдем бейхабар әлдебіреуді әкеліп отырғыза салу туралы айтқан әңгімеміз жастарға қатты әсер етті.
Б.Иманғожаев: – Қазақтың мінезі бір-ақ рет толқитынын арлы-берлі тарихтан біраз қозғап, көз жеткіздік. Біздің бұл толқуымыз Орталық Комитеттің Пленумының шешімін өзгерте ме, жоқ па, біз сол шешімге наразылық білдіру арқылы ұлттық кейпімізді көрсетуіміз керек деген бір ой ғана кептеліп тұрды. Ұрандарымызда саяси талаптардың болу қажеттігіне де келістік.
Қ.Айтмұрзаев: – Жатақханаға қайтып келген соң “Әр халыққа – өз көсемі”, “Біз күшпен қосуға қарсымыз, ерікті түрде қосылуды қалаймыз”, “Ленин идеялары жасасын!”, “Біз КСРО халықтарының құқықтары туралы декларация бойынша өмір сүргіміз келеді” деген ұрандарды ойластырып, оны жатақханада бірге тұратын суретші жігіттерге жаздырдық. Төсекке жабатын ақ кездемелерді жыртып, әртүрлі бояумен ұрандарды әдемілеп жазуды ІІІ курс студенті Мейрамғазы Қасенбаев деген досымызға жүктедік. Кейін Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды жаппай жазалау басталған кезде Мейрамғазы досымыз да осы әрекеті үшін сотталды. Таң атқанша біздің институттың жатақханасында осындай қарбалас әрекеттер жүріп жатты.
Ертесінде...
Айыптау үкімінде бұл сәт былай деп жазылған: “Айтмұрзаев, Иманғожаев, Сейтімбетов, Қанетов және Қасенбаев 17.12.86 ж. Алматы театр және көркемсурет институтының 150 студентін Брежнев атындағы алаңға шығуды ұйымдастырып, “Әр халыққа – өз көсемі” деген ұрандарды айтып, айқайлады. Содан кейін шеруді бастап қала көшелеріне шықты. Студенттер мен жұмысшы жастар орналасқан жатақханалардың қасынан өтіп, ұлты қазақ жастарды өздерінің қатарына қосылуға үгіттеді.
Толқуға қатысқан адамдардың саны екі мың адамға жеткенде олар Брежнев атындағы алаңға келді, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, үкіметтің және Орталық Комитет мүшелерінің талаптарына құлақ асқан жоқ”.
Қ.Айтмұрзаев: – 17 желтоқсан күні біз таңертең Брежнев атындағы алаңға барған кезде Киров атындағы зауыттың жұмысшы жастары келіп үлгерген екен. Біз Космонавтар және Виноградов көшелерінің қиылысындағы жатақханадан шеру тартып шыққанбыз. Наразылық шеруін ұйымдастырудың алғашқы қадамы осылай басталды. Көзі ашық, көкірегі ояу студенттер плакаттарға Лениннің өсиеттерінен үзінді жазды, “күн көсемнің” портретін ұстап, алаңға барды. Жолай бізге басқа институттың студенттері біртіндеп қосыла бастады.
Ү.Сейтімбетов: – Бейбіт шерудің бел ортасында келе жатқан қазақ жастары ерекше рухтанып кетті. Қазақ болып дүниеге келіп, қазақ болып атқа мінген азаматтар жүрді.
Б.Иманғожаев: – Алаңға келгеннен кейін жастардың қарасы әлі де көбейе қоймаған соң Сәтбаев көшесін бойлай жүріп, басқаларды да қатарымызға тартуды ойладық. Ленин даңғылының бойында бір қазақ апайдың: “Балаларым, сендердікі дұрыс, алған беттеріңнен қайтпаңдар”, деп айтқаны әлі есімде. Жазушылар одағының маңына улап-шулап ұрандатып барып едік, ол жақтан ешкім төбе көрсете қоймады. Алаңға қайта оралдық. Бұл кезде алаңдағы толқу шын мәнінде үлкен дүмпудің көрінісін әкелді.
Қ.Айтмұрзаев: – Жастар шенеуніктердің “Тараңдар!” деген бұйрығына бағынбай тұрып алды. Нөпір халық көбейе берді. Қас қарайған шақта жан-жақтан қарулы әскерлер жақындап, елді қоршай бастады. Біз алдында, күндізгі сағат 3 пен 4-тің арасында бүкіл елге үндеу тастауымыз керек деп алаңдағы жігіттермен ақылдаса отырып, ойымызға бірден алаңның қасында орналасқан республикалық телевизия студиясы келдік. Жиырма шақты жігіт халық нөпірін сол жаққа аударып әкетпек болып, студияға қарай ары-бері жүгірдік, аңдып тұрған әскер жұрттан сөгіліп шыққан бізді дереу негізгі топқа қайта қуды. Одан әрі қарай қатты толқи бастаған бұқараны күшпен тарату басталып кетті. Әскер қаруға қол салды, қан төгіле бастады. Қақтығыс өршіді. Түн жарымына дейін жастар қарсылық көрсетумен болды. Сөйтіп, бейбіт шерудің аяғы көтеріліске айналып кетті. 18 желтоқсан күні де жастар қарсылық жасады, бірақ екі жақтың күшінің арасалмағы мүлдем тең емес еді. Әскери техниканы, өрт сөндіргіш құралдарды, темір күрек пен таяқты бейбіт шеруге қатысқандарға қарсы қолданған билік көтерілісшілерді аяусыз, қатыгездікпен басып-жаншыды.
...Бұл жастар енді оқиғаның одан әрі қарай өрбуі империялық биліктің кінәсіз адамдарды темір құрсауына салып, аяусыз жазалайтынын, оның ішінде өздерін де таппай қоймайтынын, күндердің күнінде қолға түсіретінін білді. Өйткені, түрмедегі тергеулер, жүйкеге әсер ету, ұрып-соғу, қорқытып-үркіту секілді қоқан-лоқы әрекеттер онсыз да қалт-құлт етіп тұрған сол кездегі әлжуаз қоғамды билеп алды. Екіжүзділердің заманы туды. Айдап салу, жалған ақпарат беру, кек алып қалу секілді сатқындық мінездер әп-сәтте іске кірісті.
– Сондықтан да біз бейбіт шеру өткізуге бастама көтерген жігіттер оңаша отырып, аңдушыларды адастырудың амалын ойластырдық,– дейді Құрманғазы Айтмұрзаев. – Бізді әлдебіреулер үгіттеді, сосын алаңға шықтық дегендей сылтау айту үшін қара түсті “Волга” мінген, үстерінде қара пальтосы бар екі-үш адам жатақханаларды аралап жүрді деген бір жорамалды институт жастарының санасына сіңіру керек болды. Сол “Волганың” да, әлгі бұл дүниеде жоқ белгісіз адамдардың да суретін салып көрсету идеясы өнер жолында жүрген жігіттердің, оның ішінде бірінші болып Бақтыбектің ойына сап ете қалды. Біз оның бұл бастамасын қолдадық. Шын мәнінде бұл ойымыз жүзеге асты. Тергеушілер әлгі “ұйымдастырушыларды” іздеп әлек болды. Жұрт арасына ол тез тарап кетті. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторына бірімізден соң бірімізді әкеп тоғыта бастады. Тергеу кезінде айтатын сөзіміз біреу әрі ұқсас: “Біз бейбіт шеруге бардық, лениндік ұлт — саясатын қолдаймыз. Пленумның шешіміне наразы болдық. Қонаевты бүкіл ел болып сыйлайды. Біздің әке-шешелеріміз де ол кісіні сыйлайды. Оның орнына Қазақстаннан лайықты бір адамның табылмағанына сенбейміз. Ұлт тілінің, ұлт тіліндегі мектептің жағдайы тым ауыр. Соны айтқымыз келді”.
Бізге сотта 54 адам куә ретінде тартылды. Олар болған жағдайды жасырмай айтты. “Құрманғазылар бізді үгіттеді...” деп. Сонда істі жүргізіп отырған Мамыров деген судья бір куәгер жігітке: “Ей, не айтып тұрсың, бұл жігіттер де өзің секілді емес пе?” деп ұрсып, жекігенін естіп, риза болдым. Оның да қаны қарайған болуы керек.
– Ең сорақысы,– дейді Үсіпхан жиырма жыл бұрынғы оқиғаны еске алып,– қамағаннан соң екі-үш күннен кейін мені тергеу изоляторына алып келді де, бір қазақ жігіті көпе-көрнеу үркіте бастады. Кімнің кім екені мезетте көрінді. Көрші камерада бұзақы әйелдер жататын. Олардан күнде айқай-шу, төбелес естіліп тұрды. Сол тергеушілер әңгімені былай бастады: “Алаңға сендерді кім бастап барды? Жетекшілерің кім? Қандай мақсатпен шықтыңдар? Соны бастаған адамды ұстап бересің, әйтпесе мына камераға ертең әйеліңді әкеліп қамаймын”. Нақақтан қысым жасау болатын. “Оны не үшін қамайсыңдар?” десем, екі айғағы бар екен. Бір курста, бір топта оқитын қыз: “Үсіпхан алаңға шықпайтын еді. Ол – момын жігіт. Ондай әрекетке өздігінен бара қоймайды. Оны итермелеген, шығуға мәжбүр еткен әйелі – Гүлнәр. Ол Көкшетауда орыстардың арасында өскен, оларға деген ашу-ызасы бар, ылғи тісін қайрап жүретін”, деп түсінік жазып беріпті. Екіншісі де курстастан шыққан. Оның несін айтайын. Қиын кезде сыр берген адамдарға өкпелеудің де, кіжінудің де қажеті жоқ. Осы екі айғақпен Гүлнәрді көрші камераға әкеліп жаппақ болды.
Б.Иманғожаев: – Мен Лениннің ұлт саясатын қолдау үшін алаңға бардым деген жауабыма тергеушілер қанағаттана қойған жоқ. Тергеу изоляторында жатқанымда жаныма небір қанішерді әкеліп қойып, жалалы нәрселерді мойныма іліп қою үшін қинағысы да келді. Бірақ ондай бұзақылардың керек жерінде өзім-ақ сазайын бердім... Сібір түрмесіне дейін екі ай бойы пойыздың вагон-түрмесінде дедектетіп алып жүріп, ақырында қайтадан Қазақстанның түрмесіне әкеліп тықты.
Одан кейін үкім шықты.
...Үсіпхан да, Бақтыбек те, Құрманғазы да бас бостандығынан айырылып, әрқайсысы 3-4 жыл мерзімге сотталып кетті. Аманбай болса ол да жазаланды. Бірақ ешқайсысы да мойыған жоқ. Түрмеде отырып, сот үкімі белгілеген жазаларын өтеп қайтты. Жігерлері де жасыған жоқ. Өйткені оларға дем беретін адамдар бар еді. Олар – өмірлік қосақтары. Құрманғазы 1986 жылдың наурыз айында өзінің сүйікті қызы Алма Ашықбаеваға үйленеді. Күйеуі Мордовия жерінде орналасқан түрмеде жатқанда Алма артынан іздеп барып, түрменің қасындағы кірпіш зауытында қара жұмыс істейді. Құрманғазыға тірек болу үшін. Үсіпханның Гүлнәрі бар еді. Бақтыбектің сүйген қызы Сапаркүл де өзінің болашақ ерінің артынан іздеп барып, түрме ішінде үйлену рәсімін жасап қайтқан. Батыр ұландардың қосақтары да осындай қасиеттерімен дараланып тұрмаса, елім дейтін ер қайдан туады деген ой келеді. Олар нағыз алаулап тұрған шағында үш жылдай ғұмырларын түрме ішінде өткізсе де шын өмірдегі ауыр трагедиялардың басты рөлдерін атқарды.
1989 жылы 19 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Сотының төралқасы 1987 жылғы 20 шілдедегі Алматы қаласы сотының үкімі мен Қазақ КСР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының анықтамасын бұзды. Сотталғандардың әрекетінен ешқандай қылмыс белгісін таппағандықтан. Ал керек болса! Қылмыстық істер кодексінің 60 және 65-баптарымен ұлт араздығын туғызуға үгіт-насихат жүргізгені үшін және жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін деп тағылған ауыр айыптаулар сонда қайда қалды? Ақиқат жеңуін жеңді-ау, бірақ тар қапаста жылап кеткен ғұмырдың обалы кімге десеңізші!
Болашақ әртістер өнер жолына қайта оралды. Үсіпхан Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрының сахнасында көрермендермен қауышты. Құрманғазы мен Бақтыбек 90-шы жылдары Павлодарда ашылған Ж.Аймауытов атындағы музыкалық драма театрының ұйымдастырушы актерлері болды. Көп жыл бойы екеуі сонда қызмет етті. Бақтыбек түрмеден шыққаннан кейін Қазақстанда желтоқсандық жастардың қоғамдық ұйымын құрып, соның алғашқы төрағасы болды. Бәрі де балалы-шағалы.
Желтоқсандық қаһарман жастар үшін 1986 жылғы көтеріліс сахна декорациясы емес, ол – ұлттың биік рухын оятқан шындық өмір.
Сөз соңында мынаны айта кеткен жөн. 1960-1980-ші жылдары ұлт зиялыларының ортасында пайда болған жаңа рухани толқын ұлттық өнер кадрларын даярлап, қазақтың жүрек түбінде жатқан азаттық аңсарын ұлттық рух, ұлттық сарынмен санаға сіңірген Өнер институтының студенттері үшін ұлттық намыс тасқа қайралған тұста бірінші болып бас көтеруі де заңдылық. Өйткені ұлттық рухтың жібі үзілмеген жерде ар-намыс үшін, азаттық үшін күн туғанда сілкініс болмай қоймайды.

Powered by Drupal - Design by artinet