Іздеу салуға байланысты іс жүргізу тоқтатылған және

Іздеу салуға байланысты іс жүргізу тоқтатылған және сот сараптамасын жүргізуге байланысты кейінге қалдырылған қылмыстық істер бойынша сот практикасына
Ш О Л У

Іздеу жариялауға байланысты тоқтатылған істер

Қорытуға барлық облыстық соттардан іздеу салуға байланысты қылмыстық істердің нарядтары келіп түсті. Нарядтарға сәйкес 2003- жылы Ақмола облысынан 400, Алматы облысынан 400, Атырау облысынан 270, Ақтөбе облысынан 250, гарнизондардың Әскери соттарынан 100, Шығыс Қазақстан облысынан 550, Жамбыл облысынан 180, Батыс Қазақстан облысынан 250, Қарағанды облысынан 300, Қостанай облысынан 270, Қызылорда облысынан 150, Маңғыстау облысынан 150, Павлодар облысынан 270, Солтүстік Қазақстан облысынан 270, Оңтүстік Қазақстан облысынан 400, Астана қаласынан 250, Алматы қаласынан 350 қаулы түскен.
Түскен материалдарға қарағанда іздеудегі адамдардың көбі меншікке қарсы қылмыстар жасағаны үшін Қылмыстық кодекстің 175, 177, 178-баптары бойынша, есірткі заттардың заңсыз айналымына қатысты қылмыстар жасағаны үшін 259-бап бойынша, бұзақылық жасағаны үшін 257-бап бойынша айыпталған.
Тоқтатылған істер бойынша Қылмыстық кодекстің баптары тұрғысынан бір заңдылық байқалады. Мысалы, істердің көбі Ақмола, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында ҚР ҚК-нің 175-178-баптары бойынша, Астана мен Алматы қалаларында аталған заңның 175, 178, 179, 257, 259-баптары бойынша, Атырау облысында 175, 251, 287-баптары бойынша, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында 175, 177, 251, 259-баптары бойынша айыпталып отырған сотталған адамдарға іздеу жариялау үшін тоқтатылған.
Іздеуді дұрыс тағайындамау жағдайлары да жиі кездеседі. Мысалы, осының салдарынан іс бойынша іздеу жарияланғаннан кейін келесі күні сотталған адамның ұсталған жағдайлары кездескен. Бұған Павлодар облысының Баянауыл аудандық соты ҚК-нің 175-бабының екінші бөлігі бойынша айыпталған А.А.Мякушкиннің қылмыстық ісі дәлел бола алады. Бұл іс бойынша іздеу салу туралы қаулы 2003- жылғы 19- қыркүйекте шығарылған, ал келесі күні, демек 20- қыркүйекте сотталып отырған адамның ұсталғаны туралы хабарлама түскен. Батыс Қазақстан облысында ҚК-нің 104-бабының бірінші бөлігімен айыпталған К.Д.Мерғалиевтің қылмыстық ісі бойынша іздеу салу туралы қаулы 2003 -жылғы 3- наурызда шығарылған, ал сотталған адам осы жылдың 6- наурызында ұсталып, уақытша оқшаулау орынына орналастырылған. Мұның өзі соттардың іздеу салуды жариялау кезінде сотталып отырған адамдарды сотқа әкелудің заңда көзделген шараларын қолданбайтынын көрсетті.
Істерді саралау іздеу салу туралы қаулылардың дұрыс әзірленбейтінін көрсетті. Олардың мазмұнынан сот істі уақтылы қарау үшін шара қолданғанын, атап айтқанда, іс жүргізуге қатысушылардың келуін қамтамасыз етуін анықтау мүмкін емес. Мысалы, 183-баптың бірінші бөлігімен айыпталған З.К.Тұрдалиеваның қылмыстық ісі бойынша Атырау қаласының соты шығарған қаулыда сотталған адамның келуін қамтамасыз ету жөнінде сот тарапынан жасалған шаралар көрсетілмеген.
Сотталған адам сотқа шақыру қағазымен шақырылғаны не шақырылмағаны туралы мәліметтер де қаулылардың мәтінінде көрсетілмейді. Осы орайда, Алматы қаласының Әуезов аудандық соты қарап, ҚР ҚК-нің 122-бабымен айыпталған А.А.Макаровтың ісін мысалға келтіруге болады. Бұл істе сотталған адамға сотқа шақыру қағаздары жіберілгені туралы мәліметтер жоқ. ҚР ҚК-нің 175-бабының екінші бөлігімен айыпталған М.С.Мейірхановтың қылмыстық ісі бойынша іздеу салу туралы қаулы шығарған кезде Павлодар қаласының № 2 соты дәл осындай кемшілікке жол берген.
Сонымен қатар, соттардың іздеу салу туралы қаулыларынан шақырудың пошта немесе хат тасушы арқылы жіберілгенін анықтау мүмкін емес. Бұған, Жамбыл облысының Мойынқұм аудандық соты ҚР ҚК-нің 175-бабының бірінші бөлігімен айыптаған А.Б.Оспановтың қылмыстық ісі дәлел. Қаулыда сотталған адам сотқа екі рет шақырылды деп көрсетілген, ал қалай шақырылғаны туралы мәлімет жоқ. Қарағанды облысының Саран қалалық соты қарап, ҚР ҚК-нің 259-бабының бірінші бөлігімен айыпталған Н.И.Оскольскаяның қылмыстық ісі бойынша қаулыда “істің қаралатын уақыты мен орыны туралы айыпталушыға тиісінше хабарлама берілген” деп көрсетілген, алайда хабардың қалай берілгені туралы мәлімет жоқ.
Соттардың қаулыларынан сотталған адамның тұрғылықты мекен-жайы бойынша тұратыны не тұрмайтыны туралы тексерілгенін анықтау, қылмыстық із кесу орындары көрсеткен мекен-жай бойынша оның тұрмайтыны туралы акт жасалғаны не жасалмағаны жөніндегі мәліметтерді тексеру мүмкін емес. Мысалы, Ақмола облысы Атбасар аудандық соты ҚР ҚК-нің 178-бабымен айыпталған К.К.Абдрахмановтың ісі бойынша іздеу салу туралы қаулыда сотталған адам сотқа келуден жалтарып, бірнеше рет сотқа шақырылса да келмеген деп қана көрсеткен және осыған байланысты судья іздеу салуды жариялау туралы қаулы еткен. Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар аудандық соты ҚР ҚК-нің 178-бабының бірінші бөлігімен айыпталған А.Н.Мироновтың қылмыстық ісі бойынша қаулыда судья іздеу салуды жариялаудың негізі ретінде істің бірнеше рет тағайындалғанын, алайда оның сот отырысына келмегенін көлденең тартқан. Республика соттарының көбі осындай кемшіліктерге жол берген.
Іздеу салу туралы қаулылардың көбінде ІІБ-нің мекен-жай бюросына сұрау жіберілгені не жіберілмегені туралы деректер көрсетілмейді.
Соттар сотталған адамдарды бірнеше рет сот отырысына шақырғаннан кейін ІІБ арқылы сотқа мәжбүрлеп алып келу шараларын қолданбай-ақ іздеу салуды жариялайтыны анықталды. Мысалы, Қарағанды қаласы Октябрь аудандық № 2 соты ҚР ҚК-нің 136-бабының бірінші бөлігімен айыпталған М.К.Кенжебековтың қылмыстық ісі бойынша қаулыда ол шақырылса да сот отырысына бірнеше рет келмеді, шақыруды алу үшін сот приставына есігін ашпайды делінген. Жамбыл облысы Қордай аудандық соты ҚР ҚК-нің 177-бабының екінші бөлігімен айыпталған Я.Г.Бейшанлоның ісін бірнеше рет қарамақ болған, алайда сотталып отырған адам шақыру бойынша келмеген, бірақ Қордай АІІБ УПИ-ның ( участкелік полиция инспекторы) түсініктемесіне сәйкес ол үш рет тиісінше хабардар етілген.
Түскен материалдарды зерделеу барысында қылмыстық істерді ұзақ қарау жиі кездеседі. Мысалы, Батыс Қазақстан облысы Орал қалалық сотының қарауында ҚР ҚК-нің 175-бабымен айыпталған Ф.М.Мухиннің қылмыстық ісі бойынша басты сот талқылауы 2003- жылдың 21- сәуірінен 16 -маусымы аралығында 7 рет кейінге қалдырылып, тек екі айдан кейін іздеу салу туралы қаулы шығарылған. Алайда, сотталып отырған адамның сотқа келмеу себебі оның істе көрсетілген мекен-жай бойынша тұрмауы салдарынан оған сотқа шақыру қағазы жетпеген әрі оның тұрғылықты жері белгісіз болып шықты. Сондай-ақ Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотында ҚР ҚК-нің 223-бабының бірінші бөлігімен айыпталған Г.К.Шакенованың ісі қаралған. Алайда, басты сот талқылауы 2003- жылғы 22- қаңтарға тағайындалса да, істі қарау сотталып отырған адам келмегендіктен салдарынан 2003- жылғы 18- наурызға дейін 4 рет кейінге қалдырылған. Ақыры прокурордің өтініші бойынша іс тоқтатылып, іздеу салу жарияланған.
Тергеу органдарының сотталатын адамдардың мекен-жайын дұрыс көрсетпеуі де соттың іс жүргізуіне кедергі болуда. Тексере келе ол адамдардың бұл мекен-жай бойынша біраздан бері немесе мүлдем тұрмағаны анықталды. Қостанай облысының Рудный қалалық соты ҚР ҚК-нің 175-бабының екінші бөлігімен айыпталған И.А.Осадьконың қылмыстық ісі бойынша шығарылған қаулының сипаттау-дәлелдеу бөлігінде сотқа мәжбүрлеп алып келу туралы қаулы сотталып отырған адам істе көрсетілген мекен-жай бойынша тұрмағандықтан орындалмады деп көрсетілген.
Атырау қалалық соты ҚР ҚК-нің 287-бабының бірінші бөлігімен айыпталған М.И.Ильюшонктың қылмыстық ісі бойынша дәл осындай қаулы шығарған. Қаулыда сотталып отырған адамға қатысты мәжбүрлеп алып келу шаралары қолданылғаны, оны орындау Атырау облысының ІІБ ОБППРЗ-на жүктелгені жазылған, алайда, ол істе көрсетілген мекен-жай бойынша тұрмағандықтан қаулы орындалмаған.
ҚР ҚІЖК-нің 304-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, ҚР ҚІЖК-нiң 50-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 2-тармағында көзделген негiздерге сәйкес iс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұру кезiнде осы Кодекстiң 315-бабының екiншi бөлiгiнде және 321-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген жағдайларды қоспағанда iс прокурорға қайтарылады. Алайда судьялар қаулыларда бұл туралы жазбайды. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласының № 2 соты ҚР ҚК-нің 257-бабымен айыпталған Е.С.Бижановтың қылмыстық ісі бойынша шығарылған қаулыда осы қаулыны орындау қалалық ІІБ ОП-ға жүктелді деп қана көрсеткен. Істің прокурорға жіберілгені тек ілеспе хаттан ғана анықталды. Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының № 2 соты ҚР ҚК-нің 175-бабының екінші бөлігімен айыпталған У.А.Құрманғалиевтың қылмыстық ісі бойынша да осындай кемшіліктерге жол берген. Бұл қаулыға ілеспе хат қоса тіркелмегендіктен істің прокурорға жіберілген жіберілмегенін анықтау мүмкін емес.
ҚР ҚІЖК-нің 403-бабының бірінші бөлігіне сәйкес бiрiншi сатыдағы соттың қаулысына жеке шағым жасалуы, наразылық келтірілуі мүмкiн. Зерделеу барысында судьялардың көбі қаулыларда бұл туралы жазбайтыны анықталды. Мысалы, Маңғыстау облысы Ақтау қаласының № 2 соты ҚР ҚК-нің 105-бабымен айыпталған А.Т.Ласстың қылмыстық ісі бойынша қаулыда айыпталушының қаулыға жеке шағым беру не наразылық келтіру мүмкіндігі туралы жазбаған. Атырау қалалық соты ҚР ҚК-нің 287-бабымен айыпталған М.М.Ильюшонктің, Ақтөбе қаласының № 2 соты ҚР ҚК-нің 175-бабының бірінші бөлігімен айыпталған Н.М.Мусажаевтың қылмыстық істері бойынша да жоғарыда аталған кемшіліктерге жол берген.
Сонымен қатар судьялар қаулыларында қаулыға жеке шағым, наразылық жоғары тұрған сотқа шағымдалып отырған қаулы шығарылған күннен бастап он тәулiк iшiнде берiлетінi туралы жазады (ҚР ҚІЖК-нің 403-бабының үшінші бөлігі), ал ілеспе хаттарда көрсетілген күндерге қарағанда (прокурорға және ІІБ-не жіберілген) қаулы шығарылған күні, кейде шығарылғаннан кейін бірнеше күн өткен соң жіберіледі. Бұл заңда белгіленген шағымдану мерзімін бұзуға әкеліп соғады. Мысалы, Қостанай облысы Қарабалық аудандық соты сотталып отырған Е.А.Рогожиковке қатысты іздеу салу туралы қаулыны 2003 -жылдың 20- тамызында шығарып, келесі күні аудан прокурорына жіберген. Қызылорда облыстық соты ҚР ҚК-нің 106-бабымен айыпталған Т.Мырзабаевтың қылмыстық ісі бойынша іздеу салу туралы қаулыны ол шығарылған күні-ақ орындауға жіберген. Алматы облысының Қаратал аудандық соты ҚР ҚК-нің 175-бабының екінші бөлігімен айыпталған Г.К.Мұсабекованың ісі бойынша да осындай кемшіліктерге жол берген. Бұл кемшіліктер республика соттарының көбіне тән кемшіліктер.
Судьялардың іздеу салу туралы қаулыларда осы қаулы түпкілікті және шағым келтіруге жатпайды деп жазуы заңды өрескел бұзу болып табылады. Себебі, ҚР ҚІЖК-нің 403-бабының екінші бөлігінде шағымдануға, наразылық бiлдiруге жатпайтын қаулылардың тізбесі берілген. Мысалы, Маңғыстау облысы Ақтау қаласының № 2 соты ҚР ҚК-нің 251-бабының төртінші бөлігімен айыпталған В.Ф.Бородинның, ҚР ҚК-нің 120, 121-баптарымен айыпталған К.Г.Букуновтың қылмыстық істері бойынша жоғарыдағыдай қаулылар шығарған.
Жүргізілген талдау соттардың іздеудегі адамдардың сот отырысына келмеу себептерін және олардың болуы мүмкін жерлерді анықтамайтынын байқатты.
Сотталып отырған адамдардың болуы мүмкін жерлер анықталмағандықтан олардың бұлтартпау шарасы өзгертіліп, шығарылған іздеу салу туралы қаулыларды зерделеу істің басты сот талқылауында қарауға дұрыс әзірленбейтінін, қаралатын күнін іс жүргізуге қатысатын адамдарға хабарланғанын судьялардың бақыламайтыны, іздеу салу туралы қаулылардың сапасыз ресімделуі, мәжбүрлеп алып келу туралы қаулылардың формальды шығарылуы және осы бұлтартпау шарасын іс қаралуға әзірленіп отырғанда толық қолданбау болып табылады.
Істерді зерделеу мұндай тұжырымдардың төмендегі мән-жайларға байланысты туындайтынын көрсетті. Тоқтатылған істердің көбі онша ауыр емес және ауырлығы орташа санаттағы қылмыстарға қатысты. Іздеу салу жарияланған сотталғандардың негізгі санаты бұрын сотталмаған және бұлардың іс-әрекеттері ауыр салдарға әкелмеуіне әрі тұрақты қылмыстық әрекеті болмауына, сотталған адамдардың жеке басының оң сипатталғанына байланысты бұларға қатысты бас бостандығынан айыру жөніндегі жаза іс жүзінде қолданылмайды.
Сонымен қатар судьялар мәжбүрлеп алып келу туралы қаулыларды полиция органдарының орындамауына мән бермейді және осыған байланысты полиция органдарына тиісті шара қолданбайды. Судьялар полиция органдарының жетегіне еріп сотқа келмеген сотталушылардың бұлтартпау шарасын өзгертіп, оларды қамауға алған әрі оларға іздеу салу жариялаған.

Powered by Drupal - Design by artinet