Сот сараптамасын жүргізуге байланысты кейінге қалдырылған істер

Қорытуға барлық облыстық соттардан сараптама тағайындауға байланысты қылмыстық істердің нарядтары келіп түсті. Нарядтарға сәйкес 2003 жылы Ақмола облысынан 70, Алматы облысынан 80, Атырау облысынан 50, Ақтөбе облысынан 50, гарнизондардың Әскери соттарынан 40, Шығыс Қазақстан облысынан 50, Жамбыл облысынан 50, Батыс Қазақстан облысынан 50, Қарағанды облысынан 70, Қостанай облысынан 60, Қызылорда облысынан 35, Маңғыстау облысынан 35, Павлодар облысынан 60, Солтүстік Қазақстан облысынан 60, Оңтүстік Қазақстан облысынан 80, Астана қаласынан 60, Алматы қаласынан 70 қаулы түскен.
Түскен ақпараттарға сәйкес, сараптамаға қылмыстық істердің басым көпшілігі Қылмыстық кодекстің төмендегі баптары бойынша жіберілген: 175-бап – ұрлық жасағаны үшін, 259-бап – есiрткi заттарды немесе жүйкеге әсер ететiн заттарды заңсыз дайындау, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату үшін, 96-бап – адам өлтіргені үшін, 103-бап – денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiргені үшін, 296-бап - көлiк құралдарын жүргiзушi адамдардың жол қозғалысы және көлiк құралдарын пайдалану ережелерiн бұзғаны үшін.
Соттардың берген ақпараттарын зерделеу ҚР ҚІЖК-нің 241-бабында көзделген негіздер бойынша тағайындалған сараптамалардың пайыздық арақатынасын анықтауға мүмкіндік береді. Олар, атап айтқанда, төмендегідей болды:
- өлiмнiң себептерiн, денсаулыққа келтiрiлген зиянның сипаты мен ауырлық дәрежесiн анықтау (ҚР ҚІЖК-нің 241-бабының бірінші бөлігі) – 23 %;
- жасы туралы құжаттар болмағанда немесе күмән туғызғанда сезiктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң жасын анықтау (ҚР ҚІЖК-нің 241-бабының екінші бөлігі) – 1 % шамасында;
- ақыл-есiнiң дұрыстығы немесе өз құқықтары мен заңды мүдделерiн өз бетiнше қорғау қабiлетi жөнiнде күмән туғанда сезiктiнiң, айыпталушының психикасын тексеру немесе тәнiнiң жай-күйiн анықтау (ҚР ҚІЖК-нің 241-бабының үшінші бөлігі) – 35 %;
- Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде өлiм жазасы түрiнде жаза көзделген қылмысты жасаған айыпталушының психикасын анықтау (ҚР ҚІЖК-нің 241-бабының 3-1 бөлігі) – 2 % шамасында;
- iс үшiн маңызы бар жағдайларды дұрыс қабылдау және олар бойынша айғақтар беру қабiлетiне күмән туған жағдайда жәбiрленушiнiң, куәнiң психикалық немесе тәнiнiң жай-күйiн анықтау (ҚР ҚІЖК-нің 241-бабының төртінші бөлігі) – 3 % шамасында;
- өзге де мән-жайларды анықтау (ҚР ҚІЖК-нің 241-бабының бесінші бөлігі) – 35 %.
Ұсынылған ақпаратқа сәйкес сараптамалардың 45 пайызы соттың, 8 пайызға жуығы – прокурордың, 47 пайызға жуығы іс жүргізуге қатысушы басқа да адамдардың бастамасымен тағайындалғаны анықталды.
Зерделенген қаулылардан сараптамалардың 80 пайызы жеке сарапшының қатысуымен жүргізілгені, 15 пайызы комиссиялық сараптама екені анықталды. Қаулылардың 7 пайызы бойынша кешенді сараптама, 30 пайызы бойынша қосымша және қайталама сараптама тағайындалғаны анықталды.
Тағайындалған сараптамалардың басым көпшілігі сот-медициналық және сот-психология-психиатриялық сараптамалар екені анықталды әрі бұлардың басым көпшілігі сот-сараптама органдарының қызметкерлеріне жүктелген. Кейбір жағдайларда ғана сараптаманы жүргізу лицензияның негізінде сот-сараптама қызметін көрсететін және заң талаптарына сәйкес бір рет сараптама жүргізу үшін тартылатын басқа адамдарға жүктелген.
Сараптаманы тағайындау туралы қаулылардың сапасы да сын көтермейді. Осының өзі ең басты кемшілік болып табылады.
ҚР ҚІЖК-нің 403-бабының бірінші бөлігіне сәйкес бiрiншi сатыдағы соттың қаулысына жеке шағым жасалуы, наразылық келтірілуі мүмкiн. Зерделеу барысында судьялардың көбі қаулыларда бұл туралы жазбайтыны анықталды. Мысалы, Алматы облысының Еңбекшіқазақ аудандық соты ҚР ҚК-нің 296-бабының бірінші, екінші бөліктерімен айыпталған Ж.И.Молдыбаевтың, Маңғыстау облыстық соты ҚР ҚК-нің 177, 325-баптарымен айыпталған С.Мұсаевтың, Ж.Ережеповтың, А.Сағындықованың қылмыстық істері бойынша автотехникалық-есептеу сараптамасын тағайындау туралы қаулыларда қаулыға жеке шағым беруге не наразылық келтіруге болатындығы туралы жазбаған.
Сонымен қатар судьялар өз қаулыларында қаулыға жеке шағымның, наразылықтың жоғары тұрған сотқа шағымданатын қаулы шығарылған күннен бастап он тәулiк iшiнде берiлетінi туралы көрсетеді (ҚР ҚІЖК-нің 403-бабының үшінші бөлігі), ал ілеспе хаттарға сәйкес (сараптама мекемелеріне жіберілген күндері) қаулылар не шығарылған күні не шығарылғаннан кейін бірнеше күн өткен соң жіберілген немесе ұзақ мерзім бойы жіберілмеген. Осының салдарынан бұларға шағым беруге мүмкіндік қалмайды. Мұның өзі заңда белгіленген шағымдану мерзімін бұзуға әкеліп соғады. Мысалы, Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық соты сот-бухгалтерлік сараптаманы тағайындау туралы қаулыны 2003-жылдың 9-маусымында шығарған. Қаулы Қарағанды Аймақтық ҒӨССЛ-ға келесі күні, яғни 10 -маусымда жіберілген. Батыс Қазақстан облысында ҚР ҚК-нің 176, 228, 314, 325-баптарымен айыпталған Е.Досмағұловтың қылмыстық ісі бойынша сот-бухгалтерлік сараптаманы тағайындау туралы қаулы 2003-жылдың 9-сәуірінде шығарылған. Соған қарамастан іс сараптама мекемесіне шағым беру мерзімінен 12 күн өткеннен кейін, яғни 30 -сәуірде жіберілген. Мұндай кемшіліктер республиканың барлық облыстарында кездеседі.
Түскен ақпаратты зерделеу кезінде қылмыстық істерді қарау мерзімін созу жиі кездеседі, яғни қаулыны шығару мерзімі мен істерді сараптама жүргізу үшін жіберу мерзімдері арасында алшақтық бары анықталды. Мысалы, Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық № 2 соты ҚР ҚК-нің 296-бабының бірінші бөлігімен айыпталған А.С.Тұралықовтың қылмыстық ісі бойынша қосымша сот-медициналық сараптама тағайындау туралы қаулыны 2003-жылғы 28- ақпанда шығарған, ал қылмыстық іс сараптама мекемесіне екі жарым ай өткеннен кейін, яғни 2003 -жылғы 19-мамырда жіберілген. Қостанай облысы Рудный қалалық соты ҚР ҚК-нің 251-бабының бірінші бөлігімен айыпталған А.А.Красненковтың қылмыстық ісі бойынша қайталама баллистикалық сараптама жүргізу туралы қаулыны 2002-жылғы 8- қарашада шығарған, ал осы қаулы сараптама жүргізу үшін Рудный қаласының ІІБ-не 3 айдан кейін, яғни 2003-жылдың 10-ақпанында жіберілген.
Сонымен қатар кейбір судьялар өз қаулыларында іс сараптама мекемесінен келгенге дейін қылмыстық іс бойынша іс жүргізудің кейінге қалдырылғаны туралы жазбайды (ҚР ҚК-нің 354-бабының сегізінші бөлігі). Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қалалық соты ҚР ҚК-нің 185-бабымен айыпталған А.И.Змиенконың қылмыстық ісі бойынша шығарылған қаулыда іс жүргізудің кейінге қалдырылғаны туралы белгі жоқ. Алматы қаласының Алмалы аудандық соты да ҚР ҚК-нің 222-бабымен айыпталған А.Құдайкуловтың қылмыстық ісі бойынша шығарылған қаулыда тап осындай кемшілікке жол берген.
ҚР ҚК-нің 354-бабының сегізінші бөлігіне сәйкес, сот тараптардың пiкiрлерiн тыңдап болып, тексеру жүргiзу үшiн қажеттi уақытқа сот отырысын кейiнге қалдыруға құқылы. Алайда судьялар заң талаптарын сақтамай, қаулыларда іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды деп көрсетеді. Бұған мысал ретінде Алматы қаласының соты ҚР ҚК-нің 179-бабының үшінші бөлігімен айыпталған А.Ш.Израиловтың, Қостанай облысының Ұзынкөл аудандық соты ҚР ҚК-нің 175-бабының екінші бөлігімен айыпталған А.С.Родионовтың қылмыстық істері бойынша шығарылған қаулыларды келтіруге болады. Мұндай кемшіліктер жиі кездесті.
Кейбір қаулыларда судьялар істің қайда және қай сараптама мекемесіне сараптама жүргізу үшін жіберілгенін көрсетпейді, бұл тек ілеспе хаттардан ғана анықталады. Мысалы, Ақмола облысында қаралған А.Б.Хаутиеваның, ҚР ҚК-нің 105, 130-баптарымен айыпталған А.М.Турдиеваның Оңтүстік Қазақстан облысында қаралған қылмыстық істері бойынша шығарылған қаулыларда жоғарыда аталған кемшіліктерге жол берілген.
Сараптаманы тағайындау туралы қаулыларды талдау олардың сапасыз әзірленетінін көрсетті. Мұның өзі іс жүргізу құжаттарын жасауға қойылар талапты күшейтіп, процессуалдық нормалар мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты нормативтік қаулыларының түсіндірмелерін қатаң басшылыққа алу қажеттігін көрсетеді.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының
қылмыстық істер жөніндегі алқасы

Powered by Drupal - Design by artinet