Қаныш Имантайұлы Сәтбаев

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев (1899-1964) - аса көрнекті қазақ геологы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, қазақстандық металлогения мектебінің негізін қалаушы.

Туған жері бұрынғы Семей губерниясының Павлодар уезіндегі Ақкелін болысы (қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданы).

Геологиялық барлау мамандығы бойынша Томск технологиялық институтының тау-кен факультетін бітіріп келгеннен кейінгі Қаныш Сәтбаевтың бүкіл өмірі Қазақстанның минералдық ресурстарын және рудалық кендер генеалогиясын зерттеуге арналған. Оның геологиядан басқа ғылымдардан да; мәдениет саласында да; тарихтан да қалдырған ізі сайрап жатыр. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталуға тақағанда, жағдайдың аса қиын ауырлығына қарамастан, Қазақ КСР Ғылым академиясының ұйымдастыру жұмысына басшы болып, оның ісіне бел шеше араласуы ұлыларға тән көрегендіктің белгісі еді. Оның қалдырған ғылыми бай мұраларының ішінде, әсіресе, Жезқазған кені туралы зерттеулерінің, Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жөніндегі еңбектерінің мәні ерекше. Жезқазғанның ірі мыс рудалы аудандар қатарына жатуы кезінде осы кеннің жоспарлы түрде кең масштабтағы барлау жұмыстарын ұйымдастыруға болатын ірі объекті екенін дәлелдеп берген Қаныш Сәтбаев еңбегінің нәтижесі. Сондай-ақ ол минералдық шикізатқа бай Сарыарқа, кенді Алтай, Қарағанды, Қаратау секілді аймақтарға да ерекше назар аудара зерттеп, олардың кендерінің стратиграфиясы, тектоникасы, құрылысы, металлогениясы, неохимиясы және шығу тегі туралы маңызды ғылыми қорытындылар жасады, ғылымға формациялық металлогендік анализдің кешендік әдісін енгізді.

Көптеген тәжірибелі мамандар қатыстырыла отырып, Қаныш Сәтбаевтың басшылығымен бірнеше жылдар бойы жүргізілген тынымсыз еңбектің нәтижесінде Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жасалды. Оны өндіріске ендіру арқылы Сарыарқа аймағында қара, түсті және сирек металдардың біраз жаңа кендері ашылды. Біраз кендерге бүтіндей жаңа өндірістік баға берілді.

Ол Қарағандыда металлургиялық завод салуда, Қостанай, Алтай темір және марганец, Қаратаудың фосфорит кендерін және осылар секілді көптеген ірі нысандарды игеруге, Ертіс-Қарағанды каналының қазылуына, біраз ғылыми зерттеу институттарының ашылуына тікелей араласып, зор еңбек сіңірді, Қазақстан ғалымдарының зор армиясының ақылшысы, тәрбиешісі болды.

Ол геология ғылымына қатысты әлемдік, одақтық, қазақстандық түрлі дәрежедегі толып жатқан комиссиялардың, комитеттердің мүшесі, басшыларының бірі; бірнеше мәрте КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестерінің депутаты; СОКП съездерінің делегаты, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитеттің президиумының мүшесі. Ол төрт рет Ленин орденімен, Екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталып, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардың иегері болған. Оның есімі институттар мен кен-металлургия комбинаттарына, Қазақстан қалаларының көшелеріне, мектептер мен шаруашылық аттарына берілген. Сондай ақ Алатаудың бір шыңы мен мұздағы, Қаратаудағы ванадий кенінің рудасынан табылған бір минерал (сатбаевит) оның атымен аталады. Оған арналған бірнеше мұражайлар бар.

Әлемдік даңқы бар, адамның ерекше қасиеттеріне, тамаша ұйымдастыру талантына және терең ақыл-ойға ие Қаныш Имантайұлы Сәтбаев өз халқы мен Отанына қызмет етудің үлгісі саналады. Қ.И. Сәтбаев есімі Үлкен Қазақстан ғылымының және Қазақ Академиясының дамуымен және гүлденуімен байланысты, бұлар оның басшылығымен елдің ғылыми ақыл-ой орталығына айналды. Академик Қ.И Сәтбаев тамаша орыс ғалымдарының ізбасарларымен бірге ірі ғылыми орталықтар құруға, жаңа кеніштер, зауыттар, каналдар салуға және республиканың маңызды халық шаруашылығы салалары - көмір және химия өнеркәсібін, түсті және қара метталлургияны, ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосты. Қ.И Сәтбаевтың басшылығымен мұнай мен газ, қатты отындар, кенді және кенсіз қазбалар орындарын пайымдау, ауа райы құрғақ облыстарда су ресурстары, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі саласында жемісті ғылыми зерттеулер жүргізілді. Оның ғылыми көріпкелділігі нәтижесінде Жетібай, Өзен және б. кенорындары ашылды. Ғалымның күшімен Мұнай және газ ғылыми-зерттеу институты құрылды.

Қаныш Имантайұлы тек ғалым болып қойған жоқ, ол жұмыс тәжрибесі мол инженер - іс адамы да болды. Ол геология ғылымы мен тәжрибенің байланыстылығын ерекше атап көрсетті, тәжірибелік геология үшін теориялық базаны жасау мәселесін маңызды санады және кен орындарын болжаудың ғылыми негіздерін жасады.Ғалымның жасаған Орталық Қазақстанның металлогенді болжау картасы жоғары бағаланып, Лениндік сыйлыққа ие болды.

Инженерлік кадрлер даярлаудың шеберханасы - Қазақ тау кен метталлургия институты (қазіргі Қазақ ұлттық техникалық институты) ұдайы Қ.И Сәтбаевтың назарында болды. Ол бірінші тамамдаған инженер-геологтардан бастап (1937), бірнеше жыл бойы бірінші техникалық ЖОО түлектеріне өзінің "сәтбаевтық" білім таңбасын дарытып келді.

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев 1899 жылы сәуірдің 12-нші жұлдызында Павлодар облысының №4 Баянауыл ауданында көшпелілер отбасында дүниеге келген. Ауылдық мектепті тамамдаған соң, Павлодардағы орыс-қазақ училищесіне оқуға түседі. Училищеден кейін Семей қаласындағы оқытушылар семинариясына оқуға түседі. 1918 жылы семинарияны сәтті аяқтаған соң, Семей қаласындағы курстарда жаратылыстану пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасайды. Ал 1920-ншы жылы халық сот төрешісі қызметіне тағайындалады. Сәтбаевтің сұранысы бойынша Семей қаласының ревкомы 1921 жылы Томск қаласындағы Технологиялық институтқа оқуға жібереді. Қабылдау емтихандарын сәтті тапсырған соң. Сәтбаев аталған институттың тау кен факультетінің геологиялық барлау бөліміне студент болып қабылданады.

Қ.И. Сәтбаевтың ғылыми-инженерлік көзқарасы дәл студенттік өмірінде қалыптаса бастады. Сүйікті ұстазы профессор М.А. Усов Сәтбаевтың болашақтағы ғылым жолына елеулі әсер етті.

Powered by Drupal - Design by artinet