Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында” атты Жолдауында “Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ халықтың кәсіпкерлік әлеуеті мен бастамашылығын іске асыруға ұмтылған түрлі топтар үшін қаржы ресурстары мен сараптама жасаудың нақты қайнарына айналуға тиіс екендігі және Қордың өкілдік желісін кеңейту, өңірлердегі кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жұмысты күшейту қажеттілігі айтылды.

Жалпы алғанда, жүзеге асырып отырған қызметі осы Жолдауға сәйкес Қордың алдына қойылған міндеттерімен толық сәйкес келеді деп айтуға болады.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қаржы ресурстарына қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін 2005 жылдан бастап 2007 жылға дейінгі үш жыл ішінде Қорды капиталдандыруға республикалық бюджеттен 10 млрд. теңгеден бөлінетін болады, оның 20 миллиарды қазірдің өзінде бөлініп қойған.

2006 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қордың жарғылық капиталы 18 млрд.-тан астам теңгені, активтері – 23 151,5 млн. теңгені, міндеттемелері – 4 697,4 млн. теңгені, меншікті капиталы – 18 454 млн. теңгені құрады.

Қордың несиелік портфелі жылдың басында 18,77 млрд. теңге болды және шағын кәсіпкерлікті қаржылық қолдаудың мынадай бағдарламалары есебінен қалыптасады:

–Еуропалық Қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы шағын бизнесті дамыту бағдарламасы;

–Азия Даму банкінің ауылшаруашылық секторы үшін бағдарламалық займның екінші траншы;

–Отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі шаралар бағдарламасы;

–Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне (оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігіне) ҚР бюджеті есебінен несие беру бағдарламасы;

–Шағын қалаларды қолдаудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасы;

–Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне Қордың меншікті қаражаты есебінен несие беру;

–Шағын кәсіпкерлік субъектілерін Ақмола облысы әкімшілігімен бірлесіп қаржыландыру бағдарламасы;

–Қазақстанда микрокредиттеу жүйесін дамыту бағдарламасы;

–екінші деңгейдегі банктерден шағын кәсіпкерлік субъектілері алатын несиелерге кепілдік беру;

–жобалық қаржыландыру және қаржы лизингі.

Кәсіпкерлікті қаржылық қолдаумен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тапты деуге әлі ерте. Несиеге қолжетімділігі оларды ресімдеудің күрделілігінен және пайыздық мөлшерлемелердің жоғарылығынан шектеулі болып отыр. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін несиелендіру саласындағы ахуалды түбегейлі өзгерту үшін қаржыландырудың банктерде қалыптасқан тетіктерінен өзге қосымша нысандары мен тетіктерін дамыту қажет.

Қазіргі уақытта экономиканың қаржы-кредит секторында, әдеттегідей, ұзақ мерзімді несиелерді қажет етпейтін сауда және қызмет көрсету саласындағы шағын бизнес кәсіпорындары басым, яғни шағын кәсіпкерлік субъектілеріне екінші деңгейдегі банктер берген несиелердің жалпы сомасының 40%-ға жуығы сауда саласына келеді. Бірінші кезекте бұл осы кәсіпорындардағы инвестициялық кезеңнің қысқалығымен түсіндіріледі. Сонымен қатар, өндірістік шағын кәсіпорындар сауда кәсіпорындарындай емес, өздерінің негізгі қорларын жетілдіру және қызметтерін кеңейту үшін барынша арзан және ұзақ мерзімді несиелерді қажет етеді.

Қалыптасқан ахуалдың негізі рынок заңдарында жатыр. Шағын бизнесте сауда сала­сының басымдығы оған бастапқы күрделі салымның төмендігімен, шығындардың тез өтімділігімен және жеткілікті жоғары тиімділікпен байланысты. Кәсіпкерлер үшін осы саланың тартымдылығы қысқа мерзімді несиелерге деген сұранысты қалыптасты­рады, өйткені несиенің артығымен алынған анағұрлым жоғары құны түскен пайдамен өтеледі.

Сондай-ақ несиені кепілмен қамтамасыз ету проблемасы бұрынғыша өзекті болып тұр, әсіресе ауылдық жерлерде. Проблеманың түйіні кепілмен қамтамасыз етудің болмауында немесе жетіспеушілігінде және банк сарапшыларының берілген кепілді бағалау ерекшелігінде болып табылады.

Кепілге қойылатын мүліктің болмауы немесе жетіспеушілігі проблемасы оның рынок­тық құнымен және өтімділігімен өте тығыз байланысты. Бүгінгі күні екінші деңгейдегі банктер кепіл ретінде жылжымайтын мүлікті, жабдықтарды, айналымдағы қаражат­тарды, көлік құралдарын, кепілдемелерді, бағалы қағаздарды қабылдайды. Кепіл құны мен өтімділігін банктің сарапшылары анықтайды.

Екінші деңгейдегі банктердің тәуекелдерін сақтандыру және несиені қайтаруға кепіл­дік беру жүйесін енгізу саласындағы шетел тәжірибесі, осы жүйені енгізу арқылы банктердің тәуекелдерін едәуір дәрежеде төмендетуге, өтініштерді қарау және несиені беру мерзімін қысқартуға, әрі шағын бизнес кәсіпорнының қаржы-кредиттік ресурстарына қол жеткізуіне кеңінен мүмкіндік туғызатынын көрсетеді.

Осыған байланысты, Қор өткен жылдан бастап шағын кәсіпкерлік субъектілеріне екінші деңгейдегі банктер беретін несиелерге кепілдік беруге кірісті, оны іске асыру үшін 2005 жылы республикалық бюджеттен 4,6 млрд. теңге және ағымдағы жылы 5 млрд. теңге бөлінді.

Бастапқы кезеңде Қор арқылы несие тәуекелдерін сақтандыру енгізілмек, бұл болашақта “банк-кәсіпкер – сақтандыру компаниясы” қаржылық қарым-қатынас тізбегін (Қордың қатысуынсыз) құруға және сақтандырудың жаңа түрі “Кәсіпкерлік тәуекелдерді сақтандыруды” дамытуға негіз болмақ.

Бүгінгі таңда микрокредиттік ұйымдардың және кредиттік серіктестіктердің дамуына үлкен үміт артылып отыр, өйткені бұл ұйымдардың жұмыстарының технологиялары мен ресімдері кәсіпкерліктің шағын нысандарын қаржыландыруға бағытталған.

Сондықтан Қорға 2005 жылы микрокредиттік ұйымдарды құруға және жұмыс істеп тұрған микрокредиттік ұйымдарды несиелеуге республикалық бюджеттен 3 млрд. теңге, ал ағымдағы жылы 4 млрд. теңге бөлінді.

Бұдан басқа, Қордың жобалық қаржыландыру және қаржы лизингі бойынша, оның ішінде франчайзинг және факторинг, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларын екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп қаржыландыру; шағын кәсіпкерлік субъектілерінің нәтижелі жобаларын қайта қаржыландыру; оралмандарға, жастарға, зейнетақы жасындағы әлеуетті кәсіпкерлерге, қолөнершілерге, мүгедектерге арналған несие желілері; шағын кәсіпкерлік субъектілерін қолдау инфрақұрылымына қатысушыларды несиелендіру бағдарламасы жөніндегі қызметтері дамуда.

Жақын арада аудан орталықтарында және шағын қалаларда өкілдіктер ашу арқылы Қордың филиалдық-өкілдік желісін одан әрі кеңейту жоспарлануда.

Әсіресе өңірлердегі кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жұмыстың тиімділігі ақпарат­тық-талдау, консалтингтік және оқу-әдістемелік қызметтерді ұсыну арқылы көтерілмек.

Сонымен, өткен жылы Қор шешімімен “Республикалық кәсіпкерлік тәжірибесінің оқу орталығы” ЖШС құрылды.

Бұл оқу орталығының негізгі мақсаты – қызмет көрсетудің орталықтандырылған жүйесін құру және халыққа кәсіпкерліктің негіздерін оқыту, ел өңірлерінде Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын қалыптастыру және дамыту, оларға оқытушыларды дайындау, сондай-ақ республика өңірлерінде кәсіпкерліктің даму деңгейіне талдау жүргізу, кәсіпкерлерді ақпараттық-талдау және әдістемелік қамтамасыз ету, оның ішінде ара-қашықты консалтингті дамыту және кәсіпкерлерді ара-қашықты оқыту элементтерін енгізу бойынша Қордың жұмысы жалғастырылады.

Сонымен қатар, кәсіпкерлік мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу орталығын құру жоспарлануда. Бұл орталық өңірлерде және тұтас Қазақстан бойынша кәсіпкерлік саласының дамуын зерттеумен, шетелдік тәжірибені оқып- үйренумен және т.б. айналысатын болады.

Мысалы, Жапонияда Шағын және орта бизнес жөніндегі зерттеу институты (JSBRІ) бар, ол шағын және орта бизнес мәселелері жөніндегі талдау орталығы, шағын және орта бизнес саласындағы мемлекеттік саясат пен заң жобаларын дайындау жөніндегі кеңес беруші орган болып табылады. Шағын және орта бизнес жөніндегі зерттеу институты бейінді зерттеулер жүргізу, шағын және орта бизнес мәселелері бойынша ақпараттарды жинау және оларды мемлекеттік ұйымдарға ұсыну мақсатында құрылған.

Мемлекет басшысының Жолдауында Қазақстанның аймақтық дамуының жаңа бағы­ты, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация – аймақтық даму институты туралы айтылған.

Қор әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын құру идеясына алғаш назар аударғандар­дың бірі болғанын атап айту қажет.

Қазіргі уақытта Қор батыс облыстарының әкімшіліктерімен бірлесе отырып, орталығы Маңғыстау облысында болатын корпорация құру мәселесін талқылауда. Бұл корпорация Қазақстанның батыс өңірінің аймақтық даму институты болады деп пайымдалуда.

Өз кезегінде, жоғарыда атап көрсетілген міндеттерді орындау шағын кәсіпкерлік субъектілері санының ұлғаюына, шағын бизнесте жұмыс істейтін адамдар санының өсуіне, ЖӨІ-де шағын кәсіпкерліктің қосқан үлесінің артуына, ел экономикасының ба­сымдықты бағыттарының дамуына, кәсіпкерлердің бәсекеге қабілетті өнім шығаруына, Қазақстан экономикасының шикізат бағыттылығынан сервисті-технологиялық дамуға өтуіне, еліміздің орта тобын құруға алып келетін болады.

Powered by Drupal - Design by artinet